Музей тарихы

Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейінің тарихы

Дінмұхамед Қонаев: «Музыка – адамзаттың әмбебап тілі ғой. Ол біздің жан – дүниемізді байытып, әсіресе, ұлттық сана – салтымызға баулитын сиқырлы күш. Мен Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын тыңдаған сайын осындай ойға қалам» - деген екен.

КСРО-ның және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Халық Қаһарманы» Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің мемориалдық музейі Алматы қаласы әкімнің арнайы қаулысымен 2014 жылдың 16 мамырында Халықаралық музейлер күніне орай ашылды.

Нұрғиса Тілендиев – қазақтың әйгілі күйші-сазгері, дирижер, кемел домбырашы. XX ғасырда қазақ халқының ұлттық музыка мәдениетінде аса көрнекті шығармалар қалдырып, ұлттық музыка тасқынын өте биік деңгейде бүкіл әлемдік өнер дариясына апарып қосқан ұлы тұлға. Ұлы сазгер 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысының (Ұзынағаш ауылының бас жағындағы жайлауда) Шилікемер ауылында дүниеге келген. Топырақ бұйырған жері Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылындағы Жамбыл кесенісінің іргесі (1998ж.). Нұрғиса Тілендиев – қазақтың музыкалық мәдениетінде өшпес із қалдырған дара тұлға. Ол – қазақ топырағындағы ежелгі Қорқыт, Асанқайғы, Кетбұға, бертіндегі Құрманғазы, Қазанғап, Дәулеткерей, Тәттімбет, Байсерке, Дина секілді ұлы композиторлар, сазгерлер мен сал-серілердің музыкалық дәстүрін өткен ғасырда (ХХ ғ.) тамаша дамытып, өз үлесін кейінгі ұрпаққа мәңгілік мұра ретінде қалдырған айрықша талант иесі.

 Н. Тілендиевтің мемориалдық музейі орналасқан пәтер 1979 жылы аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.А. Қонаевтың арнайы тапсырысымен салынып, Қазақстанның ғылымы мен мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткерлерге табысталған.  Бұл үйде ұлы композитор өзінің отбасымен 1979-1998 жылдар аралығында тұрып, соңғы табысты шығармашылық жылдарын өткізді. Нұрғиса Тілендиевпен осы жерде көршілес пәтерлерде КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Олжас Сүлейменов, академик-ғалым Д.Сокольский (1979-1987),  архитектор Ю.Ратушный (1978-1996) сияқты өнер және ғылым майталмандары тұрған.

Мемориалды музейдің жалпы ауданы 169,10 шаршы аумақты  қамтиды. Музей экспозициясы төрт бөлмеден тұрады. Кіреберіс, қонақ бөлме, жұмыс бөлмесі, ас үй және демалыс бөлмесі. Музейде Нұрғиса Тілендиевтің жеке өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін, бағы мен байлығына айналған музыкалық аспаптары, әуезді әндері мен күмбірлеген күйлерінің қолжазбаларының түпнұсқалары, кітаптары, фотосуреттері, дирижерлық және концерттік киімдері, жеке қолданған көптеген заттары сақталған. Осының бәрі Н. Тілендиевтің әншілік, күйшілік, композиторлық рухы, күш қуаты бір басында тоғысқан жаратылысы жомарт біртуар жан болғанын көрсетеді.

Музейдің кіреберісі

Музейге кірген бетте сол жақ қабырғадан Нұрғисаның өміріндегі жол көрсетер атасы, өзіне пір тұтқан ұлы тұлға, атақты жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың портреті қарсы алады. Нұрғиса Тілендиев бал кезінен Жамбылдыңкөзін көріп, батасын алып өскен. Н. Тілендиев үйде жүрген кезінде шапанын үстінен тастамай іліп жүретін болған. Кіреберіс бөлмеде шапаны мен қартайған шағында сүйеніп жүрген таяқтары қойылған. Қабырғада кварц сағатын ілінген. Сағатты 1990 жылы Н. Тілендиевке Қазақстан Кинемотографистер Одағы Ұлы Жеңіс күніне сыйлаған. Сағаттың бетінде «Құрметті Нұрқисса аға! Жеңіс күні құрметіне естелік белгі болсын! Қазақстан Кинемотографистер Одағы 9.05.90.» деп жазылған. Сағат бүгінгі күнге дейін жұмыс жасап тұр.

Қонақ бөлме

Қонақ бөлмеде Н. Тілендиевтің балалық шағынан сыр шертетін экспонаттар мен фотосуреттер жиынтығы қойылған. Қонақ бөлмені жайнатып тұрған әдемі ыдыс-аяқтар мен дастархан сервиздері көрерменнің назарын бірден аударады. Бұл дастархан сервиздерінен  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және көптеген ел азаматтары осы шаңырақта бас қосқанда дәм тартқан.

Жұмыс бөлмесі

Қазақ музыка мәдениетінде Нұрғиса Тілендиевтің мол музыкалық мұрасы ерекше орын алады.  Ұлы сазгер 500-дан астам төл туындының авторы. Ән, күй, романс, увертюра, поэма, кантата, опера және балет. Ұлы сазгердің сүйікті шығармалары «Достық жолымен», «Менің Қазақстаным» кантатасының, Құддыс Қожамияровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсының, оркестр үшін жазылған шығармалары «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуен», «Махамбет» сияқты күйлері мен  «Сарыжайлау», «Алатау», «Ақ жайық», «Ақ құсым», «Өз елім» т.б. халықтың жүрегінен өшпестей орын алған көптеген ән-күйлерінің  партитуралары мен ноталық қолжазбалары осы экспозициядан орын алған. Сондай-ақ, қырықтан астам пьесаға, «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Көксерек», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» сынды экран өнерінің классикасына айналған жиырмадан астам фильмдерге музыка жазған

Демалыс бөлмесі

Бұл бөлме Нұрғиса Тілендиевтің өзінің қалауымен көрпе-жастық төселіп, өзінің сатып алған қазақы дөңгелек үстелі қойылған қазақы демалыс бөлмесі. Бұл бөлмеде өзінің замандастарымен шахмат ойнап, қымыз ішіп демалғанды жақсы көрген. Бөлменің төрінен Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтойына орай өнерсүйер қауым арнайы сыйға тартқан Жамбылдың бейнесі тоқылған кілем, Ұлы Абай Құнанбаевтың бейнесі тоқылған кілем, сонымен қатар, сазгердің 70 жылдық мерейтойына сыйлаған ұйғыр және қырғыз халқының ұлттық музыкалық аспаптары дутар мен қомыз ілінген. Нұрғиса Тілендиевтің сүйікті ісі бильярд ойнау болған. Сәбит Мұқановпен бірге бильярд ойнағандағы тастаяғы, сыйға тартылған аңшылық мылтығы қамшысы, тоғызқұмалағы, ағаштан ойылып жасалған таянатын таяғы да осы  демалыс бөлмесінің төрінен орын алған.

Ас үй

Ас үйде қабырғада ілінген фотосуреттердің де орны ерекше. Нұрғиса Тілендиевтің жан-жары Дариға Тілендікелінімен түскен суреті, қызы Дін-Зуһраның, «Қыз-Жібек» көркем фильмінің режиссері Сұлтан Қожықовтың қолтаңбасымен сыйға тартылған Жібектің ролін сомдаған Меруерт Өтекешованың фотосуреттері осы бөлменің төрінен орын алған.Дөңгеленген үстел, орындықтар, самаурын, ыдыс-аяқтар барлығы осы шаңырақтың тұрмыс барысында қолданған бұйымдар болып табылады.

Нұрғиса Тілендиев өзінің естелігінде «Қазақты мендей сүйетін адам болса, бұл қазақ жаман болмас еді. Мен қайтқанда халқым жоқтау айтпайды, әнмен шығарып салады. Мен елдің рухын көтеріп кетуім керек. Сол үшін де жаратылғанмын» - деген екен. «Тілендиевтің күйлері бүгінгі тыңдаушысын қалай бейжай қалдырмаса, енді он, жиырма, жүз жылдан кейін де дәл бүгінгі құдірет күшін солай сақтайды; өйткені ол ықылым заманғы бабалар рухымен, арман – мақсатымен сабақтас»,-деп Президентіміз Н.Ә Назарбаевтың өзі келтіргендей, Нұрғиса Тілендиевтің жарқын бейнесі, мол музыкалық мұрасы, өзі асқақ өнерімен тәнті еткен күллі Қазақ елінің жүрегінде әрдайым сақталады.