Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 92 жыл

    Бүгін, 1 сәуір күні Алматы жұрты Әйгілі композитор, дирижер әрі күйші Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 92 жыл толуын атап өтті. «Ән қанат - ғұмыр» атты іс-шара барысында ұлы тұлға Нұрғиса Тілендиевтің ескерткішіне тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылды. Салтанатты шарадан соң «Н.Тілендиевтің мемориалды музейінде» экскурсия жүргізілді.

    Нұрғиса Тілендиев 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысы Шилікемер ауылында өнерлі отбасында дүниеге келген. Композитор өз сөзінде «Нағыз музыка жүректің түкпірінде жатқан шынайы сезімнен ғана туады»-деген еді. Шынымен де, сол жүректі жарып шыққан сезімнен екі жүз елуден астам жеке аспапқа және оркестрге арналған шығармалар, бес жүзге тарта ән, драмалық қойылымдар мен көркем фильмдерге әуезді әуендер өмірге келіп, сол музыка сарыны қазақ даласын әлі күнге дейін шарлап жүр.