Балаларға арналған іс-шара "Айналаңды нұрландыр"

Халықаралық Балаларды қорғау күніне орай музейімізде жас бүлдіршіндерге арнап «Айналаңды нұрландыр» атты мерекелік іс-шара болып өтті.  Ең алдымен Ш. Уәлиханов атындағы  №12 гимназиядан келген бүлдіршіндер әйгілі  композитор, дирижер, күйші Н. Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығы жайында қызықты экскурсияға қанықты. Экскурсия соңында бүлдіршіндер композитордың «Келе жатыр құс қайтып», «Құстар әні» әндерін рояльдың сүйемелдеуімен әуелете шырқады. Балалар қазақ кинематографының классикасына айналған «Қыз Жібек», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмдерін тамашалап, ертегілер әлеміне саяхат жасап қайтты. Қызықты мультфильмдер көріп тыныққаннан кейін балаларға далада белсенді ойындар ойнатылып, сергек көңіл күйге батты. «Кім жылдам?», «Айдаһар» ойындарын ойнап, жеңген балаларға сыйлықтар, мақтау қағаздары табысталды. Сондай-ақ, балалар асфальтқа сурет салып жарысты. «ЭКСПО-2017 бейнелейміз!» атты сурет салу марафоны арқылы балаларға бірнеше күннен кейін елімізде басталатын ең маңызды оқиғаларының бірін насихаттау, балалардың бойына отансүйгіштік сезімін ұялату болып табылды.